top of page

«Ұлы Әңгіме» жобасы аясында автормен кездесу

12.04.24

Сәуір айының 12-жұлдызында Назарбаев Университетінің Қазақ тілі және Түркітану департаменті,  Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің ұйымдастыруымен «ҰЛЫ ӘҢГІМЕ» жобасы қорытындыланды. Жобаның мақсаты - көлемді әдеби шығармаларды оқыту арқылы студенттердің зерттеушілік қабілеттерін ашу, сол арқылы еліміз бойынша оқырмандар желісін қалыптастыру. Жобаның ұйымдастырушылары - Назарбаев Университетінің оқытушылары: ассистент профессор Фунда Гювен, ассистент профессор Жазира Ағабекова, инструкторлар Мұстафа Шоқай және Айдын Жалмырза.


Жоба аясында Назарбаев Университеті мен Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының студенттері Тұрсынхан Зәкенұлының «Аттила. Балқан тауға барғандар» тарихи романын 2 ай мерзімінде оқып, жан-жақты талқылап, қорытындысында автормен кездесу ұйымдастырылды.


Кездесу жазушы туралы бейнебаянмен басталды. Сонымен бірге кездесуге Түркиядан ғалым, түрколог, профессор Әбдуақап Қара тікелей байланысқа шығып, автордың тарихи еңбектеріне баға беріп, пікір білдірді. Кездесу барысында студенттер жазушы Тұрсынхан Зәкенұлының шығармашылығы мен романы бойынша өздерін толғандырған көкейтесті сұрақтарына жауап алып, шығарма бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, авторға романның кейіпкерлерін жасанды интеллектің көмегімен жасалған бейнесуреттер бойынша анықтау ұсынылды.


Студенттер оқыған шығарма қаншалықты қызықты және тартымды болса, оның авторымен бетпе-бет кездесу одан да әсерлі және мағыналы болды деген пікірлерін білдірді.

bottom of page